Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар және Айыртау аудандарының тұрғындары үшін пилоттық жоба аясында ХҚКО-ларда электронды кезекке алдын ала жазылу қызметі іске қосылды
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалы өңірдегі екі халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа форматқа көшкенін хабарлады. Бүгіннен бастап Ақжар және Айыртау аудандарындағы ХҚКО-ларда электронды кезекке талондарды алдын ала брондау жүйесі енгізілді. Айта кетейік, өткен жылдың күзінде бұл жоба Есіл ауданында да жүзеге асырылған болатын, деп хабарлайды SKO24.kz.
Жаңа қызмет азаматтарға ХҚКО-ға бару уақытын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Ол үшін «ХҚКО» мобильді қосымшасын, электрондық үкімет порталын немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығын пайдалануға болады. Брондау рәсімі аяқталғаннан кейін өтініш берушіге растау SMS-хабарлама жолданады.
Дайын құжаттарды беру, сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсету секторының қызметтері бұрынғы тәртіппен, яғни алдын ала жазылусыз көрсетіледі. Сонымен қатар, алдын ала брондау мүмкіндігі болмаған жағдайда, қарт адамдарға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға және шетелдік азаматтарға арналған бір жұмыс орны қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, аталған пилоттық жоба жаңа жүйенің тиімділігі мен қолайлылығын бағалауға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізіліп, болашақта қызмет көрсету аясын кеңейту мәселесі қарастырылады.