Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы қаласында мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер мен белсенді жастармен кездесті. Негізгі тақырып - жаңа Конституция жобасы мен алдағы республикалық референдум аясындағы бірлескен жұмыс, деп хабарлайды SKO24.kz.
Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев қатысушыларға ілтипат білдіріп, конституциялық реформаның Мемлекет басшысы бастамашы болған ауқымды жаңғыртулардың дәйекті жалғасы екенін атап өтті. Ол бұл саяси бағыт әділеттілік, заң үстемдігі және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі сияқты маңызды қағидаттарға негізделетінін айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен барлық салада кешенді жаңғыртулар жүргізілуде. Конституциялық реформа - сол іргелі өзгерістердің заңды әрі дәйекті жалғасы. Мемлекет басшысының Жарлығымен жаңа Конституция жобасы республикалық референдумға шығарылды. 15 наурызда азаматтар өз таңдауын жасайды. Бұл - елдің саяси жүйесін демократияландыру жолындағы маңызды қадам. Жаңа Ата Заңда мемлекеттілікті нығайтуға, Тәуелсіздікті қорғауға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға баса мән берілген. Конституциялық реформа заң мен тәртіп қағидаттарына, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, қоршаған ортаға жанашырлыққа және орнықты даму бағытына негізделеді», - деді Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев жаңа Конституция жобасы «Әділетті Қазақстан» идеясын жүзеге асырудың құқықтық негізін қалайтынын атап өтті. Құжатта елдің зияткерлік әлеуетін дамытуға және халықтың бірлігін нығайтуға бағытталған басымдықтар көрсетілген. Жаңа Конституция адамға бағдарланған, мазмұны айқын және қоғамды біріктіруші рөлін айқын көрсетеді.
«Жаңа Конституция жобасы - өткеннің инерциясынан арылып, заманауи мемлекеттік модельге көшу. Адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекіту - басты тұжырымдама. Бұл «Әділетті Қазақстан» идеясын декларация деңгейінде емес, нақты конституциялық нормалар арқылы жүзеге асыру деген сөз», - деді Палата Спикері.
Мәулен Әшімбаев жаңа Конституцияны тарихи құжат деп атап, оның қоғамдық келісімнің жаңа үлгісіне көшу және ішкі-сыртқы сын-қатерлерге уақытылы жауап екенін айтты. Ол реформаны нақты заңдарға және құқық қолдану тәжірибесіне тиімді енгізу қажеттігін атап өтті.
«Жаңа Конституция Қазақстанның тұрақты, қауіпсіз және серпінді дамуын қамтамасыз ететін мемлекеттік және саяси құрылымды қалыптастырады. Бұл қадам елдің егемендігін нығайтып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға жол ашады. Сол кезде ғана Қазақстан әлемдік экономика мен саясатта лайықты орнын иеленеді», - деді Сенат Төрағасы.
Кездесу барысында сарапшылар мен талдау орталықтарының өкілдері референдумға дайындық бойынша ұсыныстарын айтып, өзекті мәселелерді талқылады.
Сапар барысында Сенат Төрағасы Абай атындағы республикалық мектептің материалдық-техникалық базасымен, БҰҰ кабинеті мен музей қызметімен танысты. Сондай-ақ қалалық кітапхана ұжымымен және белсенді жастармен кездесті. Сенаторлар Yandex Qazaqstan кеңсесіне барып, елдегі цифрландыру үдерістерін дамыту мәселелерін талқылады.