Солтүстік Қазақстандық грек-рим күрес балуаны Ислам Евлоев елдегі ең перспективалы спортшылардың бірі ретіндегі мәртебесін халықаралық аренада сенімді түрде нығайтып келеді, деп хабарлайды SKO24.kz.
4–8 ақпан аралығында Хорватия астанасы Загреб қаласында күрес түрлерінен «Zagreb Open – 2026» рейтингтік турнирі өтті. Бұл дода маусымдағы әлемдік рейтингке ұпай беретін маңызды жарыстардың бірі саналады. 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен Евлоев турнир жолын сенімді түрде өтіп, финалға шықты. Шешуші белдесуде қазақстандық балуан венгриялық қарсыласына 0:4 есебімен жол беріп, беделді жарыстың күміс жүлдегері атанды.
Өткен маусым да спортшы үшін табысты болды. 2025 жылы Ислам Евлоев бірқатар ірі халықаралық турнирлерге қатысты, соның ішінде Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен VI Ислам ынтымақтастығы ойындарына қатысып, 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалға дейін жетті. Алтын медаль үшін өткен белдесуде солтүстікқазақстандық балуан 2025 жылғы әлем чемпионы, ирандық Голамреза Фарохимен кездесіп, 0:6 есебімен жеңіліс тапты. Аталған ойындар Евлоев үшін дебюттік сын болғанына қарамастан, ол бірден өз шеберлігін жоғары деңгейде көрсете алды.
Евлоевтің спорттық мансабындағы ерекше кезең – 2024 жыл. Сол жылы ол 82 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жастар арасында (U20) әлем чемпионы атанып, Солтүстік Қазақстан облысы тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы ретінде есімін жазды.
Ислам Евлоевтің халықаралық аренадағы тұрақты жетістіктері оның кәсіби деңгейінің өскенін және жоғары мақсаттарға ұмтылатынын айқын көрсетеді. Рейтингтік турнирлер мен ірі халықаралық жарыстардағы жүлделі орындары солтүстікқазақстандық балуанның әлемдік грек-рим күресінде ең биік белестерді бағындыруға дайын екенін дәлелдейді.