Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы Жоғары колледжде экология, тазалық және қоршаған ортаға жауапкершілік мәселелеріне арналған «Эко-Батл: Таза Қазақстан» зияткерлік ойыны өтті. Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, студент жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың біріне айналды, деп хабарлайды SKO24.kz.

Ойынның ұйымдастырушысы — Қоғамдық даму және ақпарат орталығының жастар бастамалары бөлімі. Іс-шара Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы КММ-нің қолдауымен өтті. Зияткерлік ойынға колледждің 40–50 студенті қатысып, экологиялық білімдерін сынап қана қоймай, командалық жұмыс пен шығармашылық қабілеттерін де көрсетті.
Зияткерлік батл мазмұнды әрі жоғары қарқында өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар экология, тазалық мәдениеті және қалдықтарды кәдеге жаратуға қатысты сұрақтарға жауап берді. Екінші кезең логикалық ойлау мен креативтілікті дамытуға бағытталып, миға шабуыл форматында экологиялық ұғымдар мен түсініктерді бір-біріне түсіндіру арқылы жүзеге асты.
Ойын қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталғанымен, іс-шараның басты нәтижесі жарыс емес, жастардың белсенділігі мен саналы диалог алаңының қалыптасуы болды. Барлық қатысушылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды, ал жүлделі орын алған командаларға эко-бөтелкелер, кеңсе тауарлары және пайдалы тәттілер табысталды.
Мұндай интерактивті форматтар жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруда маңызды рөл атқарады. Олар маңызды ақпаратты жеткізіп қана қоймай, оны жеке тәжірибе арқылы терең түсінуге, ортақ шешімдер іздеуге және табиғатты қорғауда әрбір адамның үлесі бар екенін сезінуге мүмкіндік береді.
«Эко-Батл: Таза Қазақстан» зияткерлік ойыны қоршаған ортаға қамқорлық қарапайым қадамдардан — қызығушылықтан, білімнен және туған қала мен елге пайда тигізуге деген ұмтылыстан басталатынын айқын көрсетті.