Басты бет Петропавл жаңалықтары Петропавлда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері халыққа қолжетімді азық-түлік ұсынып отыр

Петропавлда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері халыққа қолжетімді азық-түлік ұсынып отыр

by Камилла Кәрім

views 41
cover

Петропавл қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімді жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Әр апта сайын сенбі күндері «Алтын Арман», «Қызылжар Ақбастау» және «Дария» базарларында өтетін бұл жәрмеңкелерге облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындары белсенді қатысуда, деп хабарлайды SKO24.kz.

Жәрмеңкеде ұсынылатын өнім түрлері 25 атаудан асады. Сауда сөрелерінен сиыр, жылқы, қой, шошқа және құс еті, сүт өнімдері, картоп пен көкөніс, бал және өңделген азық-түлік өнімдерін табуға болады. Ең бастысы – бағалар нарықтағыдан 10–15 пайызға төмен. Мәселен, жылқы еті – 2800 теңге, сиыр еті – 2900 теңге, қой еті – 2500 теңге, шошқа еті – 1900 теңге, үй тауықтары – 1200 теңге, жұмыртқа – 450 теңге (ондығы), сүт – 250 теңге (литрі), қаймақ – 2700 теңге, сары май – 5000 теңге, ал көкөністердің бағасы орта есеппен 100 теңгеден сатылуда.

2026 жылғы 17 қаңтарда Петропавл қаласындағы үш базарда кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған Ақжар, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев, Есіл, Жамбыл, Уәлиханов және Мамлют аудандарының тауар өндірушілері қатысты. Бұл жолы жәрмеңкеге 5 сиыр тушасы, 3 шошқа тушасы, 16 қой тушасы, 56 келі құс еті, 1367 келі сүт өнімдері, 200 келі бал, 495 келі картоп, 160 келі сәбіз бен қызылша, 50 келі қырыққабат, 25 келі пияз, 90 келі балық және 4650 дана жұмыртқа жеткізілді.

Нәтижесінде бір күннің ішінде 4355 келі ауыл шаруашылығы өнімі сатылып, жалпы сомасы 6 миллион 715 мың теңгені құрады.

Жыл басынан бері қала базарларында барлығы 6 жәрмеңке ұйымдастырылып, 14,4 миллион теңгенің өнімі халыққа қолжетімді бағамен ұсынылды. Оның ішінде 2,5 тонна ет өнімдері – 6,6 млн теңгеге, 3,5 тонна сүт өнімдері – 5 млн теңгеге, 8740 дана жұмыртқа – 0,3 млн теңгеге, 1,6 тонна картоп пен көкөніс – 0,15 млн теңгеге, 0,36 тонна бал – 0,8 млн теңгеге және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері 1,4 тонна көлемінде 1,5 млн теңгеге сатылған.

Мұндай жәрмеңкелер қала тұрғындары үшін сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтылуға мүмкіндік берсе, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін өз өнімдерін тікелей тұтынушыға жеткізудің тиімді алаңына айналып отыр.