Басты бет СҚО жаналықтары СҚО-дан сыйлық: Абай күні Семейде Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды

СҚО-дан сыйлық: Абай күні Семейде Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 29
cover

Фото: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін Абай күніне орай Семей қаласында Мемлекеттік рәміздер алаңы салтанатты түрде ашылды. Жаңа қоғамдық-мәдени нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында Солтүстік Қазақстан облысының тартуы ретінде бой көтерді. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған SKO24.kz хабарлайды.

Мемлекеттік рәміздер алаңы – «Абайға құрмет» акциясы аясында салынып, пайдалануға берілген алғашқы нысан. Оның ашылуы Абай елінің рухани-мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Жаңа алаң қала тұрғындары мен қонақтары үшін елдік рухты дәріптейтін, патриоттық тәрбие мен қоғамдық іс-шаралар өткізуге арналған жаңа орын болмақ.

Салтанатты рәсімге Абай облысының әкімі Берік Уәли мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов қатысты. Іс-шара барысында сөз сөйлеген Нұрлан Кеңесов өңір тұрғындарына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің құттықтауын жеткізді.

«Солтүстік Қазақстан облысының Абай еліне жасаған тартуы – жай ғана жаңа нысан емес. Бұл – ұлы Абайға, ұлттық құндылықтарымыз бен халқымыздың рухани мұрасына деген терең құрметтің жарқын белгісі. Мемлекеттік рәміздер алаңы елдік рухты асқақтатып, өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен мемлекетке адалдық қасиеттерін қалыптастыруға қызмет етеді. Бүгінгі тарту – Ертіс пен Есілді жалғаған достықтың, Шығыс пен Солтүстікті табыстырған бауырластықтың және тұтас халқымыздың бірлігінің нышаны», – деп атап өтті Нұрлан Кеңесов.

Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимнді біртұтас сәулеттік ансамбльге біріктірген жаңа алаң Семейдің көрікті қоғамдық кеңістіктерінің біріне айналды. Нысанның жалпы аумағы 2 гектарды құрайды. Алаңның орталық бөлігі диаметрі 28 метр болатын шеңбер түрінде салынған.

Сәулеттік композицияның басты элементі – Мемлекеттік Ту орнатылған биіктігі 35 метрлік тұғыр. Сонымен қатар Мемлекеттік Елтаңба мен Мемлекеттік Гимннің мәтіні 10 метр биіктікте орналасқан. Бұл шешім нысанға алыстан-ақ назар аудартып, алаңның негізгі идеясы – елдік пен ұлттық бірлікті айқын көрсетеді.

Алаң аумағында келушілерге қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Мұнда жаяу жүргіншілер жолдары мен демалыс орындары қарастырылып, орындықтар қойылып, гүлзарлар абаттандырылды. Аумағы көгалдандырылып, қоғамдық кеңістіктің сәулеттік келбеті толықтырылды.

Жаңа нысан тек мерекелік іс-шаралар өткізетін орын ғана емес, қала тұрғындары мен жастар үшін патриоттық тәрбие беретін маңызды қоғамдық кеңістікке айналады. Мұнда мемлекеттік мерекелерге, тарихи даталарға және түрлі мәдени-танымдық шараларға арналған іс-шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік бар.

Жобаның бас мердігері – Солтүстік Қазақстан облысының Miras Group компаниясы. Нысанның салынуы екі өңір арасындағы мәдени және достық байланыстың нығая түскенін көрсетеді. «Абайға құрмет» акциясы аясындағы бұл бастама Абай мұрасын ұлықтап қана қоймай, еліміздің әр өңірі арасындағы өзара құрмет пен ынтымақтастықты да айшықтай түсті.

Бөлісу