Басты бет Петропавл жаңалықтары Петропавлда Абай мұрасына арналған әдеби кездесу өтті

Петропавлда Абай мұрасына арналған әдеби кездесу өтті

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 78
cover

Фото: Пресс-служба Казахского музыкально-драматического театра имени Сабита Муканова

Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Хакім Абай мұрасы» атты әдеби-танымдық кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды SKO24.kz.

Тағылымды шараның басты мақсаты – Абайдың бай әдеби-рухани мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру және хакім шығармаларындағы ізгілік, білім, еңбек, әділдік секілді асыл қасиеттерді дәріптеу.

Іс-шара барысында көрермендерге Абай Құнанбайұлының өмір жолы, шығармашылық мұрасы, ағартушылық қызметі мен қазақ қоғамының дамуына қосқан өлшеусіз үлесі жайында мазмұнды ақпарат ұсынылды. Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерінде көтерілген білімге ұмтылу, елге қызмет ету, адамгершілік пен парасаттылық идеяларының бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпағаны ерекше атап өтілді.

Кездесудің әсерлі сәттерінің бірі – театр әртістері сахналаған көрініс болды. Қойылымда медреседен елге оралған бала Абайдың туған-туыстарымен қауышуы, әжесі Зеренің мейірімі мен тағылымды тәрбиесі көркем бейнеленді. Сондай-ақ бала Абай мен кемелденген Абайдың рухани сабақтастығы арқылы ұлы тұлғаның қалыптасу жолы әсерлі жеткізілді.

Кеш барысында Абайдың өлеңдері оқылып, оның халыққа қалдырған өшпес мұрасы, ұлттық әдебиет пен мәдениетті дамытудағы тарихи орны кеңінен насихатталды. Қатысушылар ұлы ойшылдың шығармалары уақыт өткен сайын өз маңызын арттырып, қоғамды білімге, еңбекқорлыққа, әділдікке және рухани кемелденуге үндейтінін атап өтті.

Осындай тағылымды кездесулер ұлттық руханиятты дәріптеуге, тарихи-мәдени мұраны сақтауға және жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға ықпал етеді. Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге…» деген өсиеті бүгінгі күні де өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, әрбір азаматты ізгілікке, білімге және адамгершілікке үндеп келеді.

Бөлісу