Басты бет Қазақстан жаңалықтары Қазақстандағы теледебаттар партиялардың нақты айырмашылығын көрсетті

Қазақстандағы теледебаттар партиялардың нақты айырмашылығын көрсетті

Камилла Кәрім

Бөлісу

views 26
cover

Фото: baq.kz

Сайлауалды телевизиялық пікірсайыстар саяси бірлестіктерге өз бағдарламаларын жан-жақты таныстырып, сайлаушыларға бір-бірінен принципті айырмашылықтарын айқын көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл пікірді «Sarap» сарапшылар клубының отырысында Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова айтты. Бұл туралы SKO24.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап хабарлады.

Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат науқаны 23 шілдеде басталды. Саяси партиялар алдағы бес жылға арналған бағдарламаларын таныстырып жатыр. Ысқақованың сөзінше, олардың көлемі мен мазмұны ауқымды болғандықтан, барлық бағдарламаны толық зерделеу сарапшылардың өзіне де уақытты қажет етеді.

Оның айтуынша, биылғы сайлау науқанының ерекшеліктерінің бірі – партиялардың қоғаммен коммуникациясының жаңа деңгейге көтерілуі.

«Шын мәнінде, дебаттар өте ашық өтті. Партиялар өз бағдарламаларын жан-жақты талқылап, бір-бірімен пікірталасқа түсті. Ең қуантатыны – олардың бір-бірінен несімен ерекшеленетінін нақты көрсете алды. Себебі қоғамда партиялардың бәрі бір-біріне ұқсас, айырмашылығы неде екені түсініксіз деген пікір бар. Ал іс жүзінде партиялардың арасында принципті айырмашылықтар бар», – деді Жұлдызай Ысқақова.

Ұлттық деңгейде төрт теледебат өткізу жоспарланған. Қазір оның үшеуі өтті. Партия көшбасшылары қатысатын қорытынды дебат 19 тамызға жоспарланған.

ҚҚДИ басшысы теледебаттарға көрермендердің қызығушылығы айтарлықтай артқанын атап өтті. Институт ұлттық деңгейдегі екі дебатқа қатысып, аудиторияның кандидаттардың сөздеріне реакциясын зерттеген.

«Алғашқы теледебат кезінде дауыс беруге шамамен 21 мың көрермен қатысса, соңғы дебатта бұл көрсеткіш 165 мың дауысқа жетті», – деді ол.

Ысқақованың айтуынша, әлеуметтік зерттеулер де телевидениенің сайлау туралы ақпарат таратудағы рөлінің 10%-ға артқанын көрсетіп отыр. Дегенмен әлеуметтік желілер негізгі ақпарат көзі болып қала береді: респонденттердің 65%-ы сайлау туралы ақпаратты сол жерден алатынын айтқан.

Сонымен қатар ҚҚДИ басшысы партиялардың сайлауалды бағдарламаларында адами капиталды дамыту мәселесіне айтарлықтай көңіл бөлінгенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл бағытқа конституциялық өзгерістер аясында ерекше назар аударылған.

Сондай-ақ ол сайлау кезеңіндегі әлеуметтік зерттеулердің маңызына тоқталды. Сайлауалды сауалнамаларды белгіленген талаптарға сәйкес келетін арнайы тіркелген ұйымдар ғана жүргізе алады. Қазір Қазақстанда мұндай алты ұйым бар. Олардың қатарында ҚҚДИ де кіреді.

Зерттеу ұйымдары сауалнама жүргізудің түрлі әдістерін қолданады. Олардың қатарында face-to-face сұхбаттар мен телефон арқылы сауалнама жүргізу бар. Кейбір ұйымдар дауыс беру күні экзитпол өткізуді жоспарлап отыр.

Ысқақова бұқаралық ақпарат құралдарында кәсіби сарапшылардың пікіріне сұраныс жоғары екенін де атап өтті. Оның айтуынша, мамандардың түсіндірмелері аудиторияға саяси, әлеуметтік және экономикалық процестерді түсінікті тілде жеткізуге мүмкіндік береді.

Бөлісу