Қазақстан Президенті Солтүстік Қазақстан облысының 90 жылдығына орай өңір тұрғындарын құттықтады
Бөлісу
Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 90 жыл толуымен құттықтады, деп хабарлайды SKO24.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің 90 жыл ішінде үлкен жетістіктерге жеткенін атап өтіп, бүгінде Солтүстік Қазақстан елдің негізгі астықты аймақтарының бірі екенін айтты.
«Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан еліміздің астықты аймағының бірі саналады. Дихандарымыз егіншілік кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор еңбек сіңіріп жүр», – деді Президент.
Мемлекет басшысы өңірде ауыл шаруашылығымен қатар өңдеу өнеркәсібі мен машина жасау салаларының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып, жаңа өндіріс орындарының ашылуы халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, өңірдің одан әрі дамуына серпін береді.
Сондай-ақ Президент Солтүстік Қазақстанның тарихи маңызына тоқталып, бұл өлкеде Абылай ханның ізі қалғанын және өңірден елге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен әдебиет өкілдері, еңбек ардагерлері, спортшылар мен құқық қорғау саласының білікті мамандары шыққанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыс тұрғындарының Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша өткен республикалық референдумға белсенді қатысып, бірлік пен жоғары жауапкершіліктің үлгісін көрсеткенін де атап өтті.
«Сіздер алдағы уақытта да ел игілігін еселеуге атсалыса бересіздер деп сенемін. Баршаңызға амандық, толағай табыс тілеймін! Солтүстік Қазақстан облысы өсіп-өркендей берсін!» – деді Мемлекет басшысы.
Бөлісу